18:56, 31 Наурыз 2009
Киото хаттамасын бекіткен Қазақстан ғаламдық климаттық мәселелерді реттеудің халықаралық үдерісіне толыққанды мүше ретінде қатысатын болады
АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Киото хаттамасын бекіткен Қазақстан ғаламдық климаттық мәселелерді реттеудің халықаралық үдерісіне толыққанды мүше ретінде қатысатын болады.
Бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігіндегі брифинг барысында министрліктің ресми өкілі Ержан Ашықбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сөз арасында наурыздың 26-сында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «БҰҰ-ның климаттық өзгеру туралы конвенциясына қосымша Киото хаттамасын бекіту туралы» заңға қол қойғанына тоқталған Ержан Ашықбаев, халықаралық құжаттың негізгі бағыттары мен басымдықтарын атап өтті.
«Киото хаттамасы осы Конвенцияны жүзеге асыратын құрал және парниктік газдардың ауаға таралуын азайтуға жағдай қалыптастыратын құжат болып есептеледі. Хаттама 1997 жылы желтоқсанның 11-інде Жапонияның Киото қаласында қабылданды. Қазір бұл хаттамаға әлемнің 183 мемлекеті қол қойған. Киото хаттамасын бекіту Қазақстанның экономикалық дамуына жағдай жасап, энергияны үнемдеу мәселесін шешу мен тиімді энергетикалық саясат жүргізу үшін жаңа негіз қалайды. Киото хаттамасы инвестицияларды тартудың тетігі болып табылады. Парниктік газдардың эмиссиясын азайтуды, энергетиканың дәстүрлі салаларын жаңарту мен ресурстарды үнемдеуді және таза технологияларды енгізуді көздейді. Киото хаттамасын бекіткен Қазақстан ғаламдық климаттық мәселелерді реттеудің халықаралық үрдісіне толыққанды мүше ретінде қатысатын болады. Бұл шара еліміздің «таза» дамуды қолдайтын мемлекет ретіндегі халықаралық беделінің өсуіне ықпал етеді», - деді Е. Ашықбаев.