Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы атап өткеніндей, көміртекті аз пайдаланатын экономика құру үшін Қазақстан үдемелі индустияландыру шараларын жүргізуді қолға алып жатыр. Бұндай индустрияландыру жұмысы таза технологияларға негізделіп жүзеге асады. Жалпы, Қазақстан қоршаған ортаның бүлінбеуін қолдай отырып, «Жасыл өсім» жолына түсуі қажет. Бұл ретте Киото хаттамасы тетіктерін жүзеге асырудан түсетін қаражаттың барлығы экологиялық жобаларға бағытталуы шарт», деді министр. Оның айтуынша, Киото хаттамасының бір саласы бойынша парникті газдар шығарындыларын Хаттаманың Б Ережесіне жататын елдермен саудаласу болып табылады. Бұндай сауданың мақсаты - өз міндеттемелерін орындап болған мемлекет артылып қалған квоталарын осы шараларға зәру боп отырған мемлекетке сата алады.
«Соңғы жылдары осы саудаласу шарасы аясында «жасыл» инвестиция тәсілін қолданушылар көбейіп барады. Ондай тәсіл бойынша арнайы жобалар нәтижесінде емес экономикалық дағдарыс салдарынан шығарындылар мөлшерін азайтқан мемлекеттер (Ресей, Қазақстан, Украина, Беларус, Шығыс еуропа елдері) бұл азайту көрсеткіштерін пайдалана алады, соның нәтижесінде «жасыл инвестиция» тартылады. Бірақ, ондай инвестициялар парниктік газдар шығарындысын азайтуды қамтитын экологиялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталуы шарт», деді министр.