– Екіжақты қатынасымыз соңғы жылдары тұрақты қарқынға ие болды. Біз тұрақты саяси байланыстарды қолдап келеміз, Сыртқы істер министрліктері арасында консультациялар өткізіп отырамыз. Астанада мен Никосияда елшіліктердің өзара ашылуы анағұрлым жүйелі әрі практикалық ынтымақтастық үшін берік институционалдық негіз қалыптастырды. Құрметті Президент мырза, Сіздің Ларнака-Астана бағытындағы алғашқы рейспен келуіңіз де жоғары символдық мәнге ие. Өйткені бұл екі ел арасындағы тікелей тұрақты әуе қатынасының іске қосылғанын білдіреді, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі тауар айналымы екі ел экономикасының шынайы әлеуетін толық көрсетпейтінін екі тарап та мойындайтынын жеткізді.
– Бұған дейін айтқанымдай, екіжақты қатынастардағы барлық әлеует пен мүмкіндіктерді толық ашу үшін белсенді жұмыс жүргізуіміз қажет. Демек, біздің ортақ міндетіміз – саяси ниеттестіктен нақты экономикалық нәтижелерге көшу. Осы сапар аясында Сіздің бизнес қауымдастығыңыздың көптеген өкілінің қатысуын жоғары бағалаймыз. Бұл кипрлік бизнестің Қазақстанға қызығушылығының артып келе жатқанын айқын көрсетеді. Сондықтан біздің экономикамыз өзара бірін-бірі толықтыра алатын салаларға басымдық беруіміз қажет. Олардың қатарына цифрландыру мен ЖИ, көлік және логистика, қаржы, туризм және білім беру салалары кіреді. Біз жабық форматта осы мәселелерді талқыладық және, менің ойымша, бұл бағыттағы ықтимал қадамдар бойынша ортақ түсіністікке қол жеткіздік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгін екі елдің бизнес-форум мен сауда-өнеркәсіп палаталары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылады. Қазақстан Президенті мұның тікелей B2B диалогтың дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.
– Қазақстан өз елінде инвестиция салуға және қызметін кеңейтуге дайын кипрлік компанияларды құптайды. Бизнес пен инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау – Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Бізде инвесторларды қолдаудың кешенді жүйесі жұмыс істейді. Оның құрамына Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі, инвестицияларды ілгерілету жөніндегі арнайы жұмыс тобы, сондай-ақ «бір терезе» ұлттық цифрлық платформасы кіреді. Сіздің компанияларыңыз инвестициялық жобаларды іске асыру барысында Үкімет тарапынан нақты қолдауға сенім арта алады, – деді Мемлекет басшысы.
Парламентаралық ынтымақтастық та екі ел арасындағы неғұрлым тығыз өзара іс-қимыл үшін тұрақты саяси-құқықтық негіз қалыптастырады.
– Мен парламент өкілдерін өзара тығыз байланыстарды сақтауға шақырамын. Құрметті депутаттар, бұған дейін айтқанымдай, осы жазда бізде Парламент сайлауы өтеді. Мұндай байланыстар мен парламенттер арасындағы дәстүрлі ынтымақтастық одан әрі дами түсетініне сенімдімін. Біздің елдер конструктивті дипломатияға, БҰҰ Жарғысын құрметтеуге және диалог арқылы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бейіл. Сондай-ақ біз БҰҰ аясындағы сындарлы ынтымақтастықты және Сіздің еліңізбен өзара іс-қимылды қолдаймыз, – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, 2-4 маусым күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидистің Қазақстанға ресми сапары өтеді.
Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр президентін салтанатпен қарсы алды. Kazinform агенттігі екі ел арасындағы қарым-қатынастың негізгі бағыттарына шолу жасады.