Ларнака қаласында орналасқан Біріккен іздестіру-құтқару орталығының (JRCC) мәліметінше, оқиға 30 қазанда Пафос қаласынан батысқа қарай 90 теңіз милі қашықтықта болған.
Танзания туымен жүзген As Dream сауда кемесі суға бата бастаған. Бортында 10 теңізші болған.
– 30 қазанда Біріккен іздестіру-құтқару орталығына Пафос қаласынан батысқа қарай 90 теңіз милі қашықтықта Танзания туымен жүзген As Dream сауда кемесінің суға батып бара жатқаны туралы ақпарат түсті. Кемеде 10 экипаж мүшесі болған. Құтқарылғандардың барлығы алдымен MSC Hannah III жүк кемесіне жеткізілді. Кейін оларды порт және теңіз полициясының Pentadaktylos катері Лимасол портына алып келді, – деп хабарлады орталық.
Құтқарылған теңізшілер медициналық тексеруден өтті. Дәрігерлер олардың денсаулық жағдайын жақсы деп бағалады.
JRCC мәліметінше, құтқару операциясына Кипр Ұлттық гвардиясының тікұшағы мен жағалау күзетінің патрульдік катері де жұмылдырылған.
Айта кетейік, бұған дейін Индонезияның Бали аралы жағалауында ресейлік туристер мінген қайық жарылғаны хабарланған еді.