Кипрде сүт безі обырына шалдыққан әйелдерге ай сайын жәрдемақы төленеді

АСТАНА. KAZINFORM – Кипрде сүт безі обырына шалдыққан әйелдерге ай сайын қаржылай көмек көрсетіледі. Төлемдер емделу кезеңінде және ем аяқталғаннан кейін тағы 12 ай бойы беріледі, деп хабарлайды Euronews .

Фото: Stavros Ioannides / PIO

Бұл туралы Кипр Республикасының президенті Никос Христодулидис «Қызғылт сұлбалар» шеруінің 22-ші ашылу рәсімінде мәлімдеді. Жәрдемақы мөлшері әзірге нақтыланбаған.

Сонымен қатар билік Никосия округінің шалғай аудандарынан онкологиялық орталықтарға қатынайтын науқастарды тегін тасымалдауды ұйымдастырады.

Христодулидистің айтуынша, бұл екі шара да Кипрдегі Europa Donna ұйымының ұсыныстары негізінде қабылданған.

«Қызғылт сұлбалар» шеруі сүт безі обыры мен гинекологиялық онкологиялық аурулар туралы қалың көпшіліктің хабардар болуына барынша ықпал етіп, аурудың алдын алу мен оны ерте анықтаудың маңызын түсіндіруге арналған. Акция барысында қолданылатын сұлбалар өткен жылы тіркелген жаңа ауру жағдайлары мен қатерлі ісіктен қайтыс болған адамдарды бейнелейді.

Еске сала кетейік, қазан айында Қазақстан өңірлерінде сүт безі обырын ерте анықтау үшін тегін кеңестер мен тексерулер өткізіледі. 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдер скринингтен тегін өте алады. Ал аурудың күмәнді белгілері байқалса, мамандар жоспарлы тексеруді күтпей, бірден дәрігерге қаралуға кеңес береді. Іс-шаралар «Әйел өмірі үшін» атты сүт безі обыры туралы мүмкіндігінше көбірек білуге мүмкіндік жасайды.

Бұған дейін 2026 жылдың алғашқы сегіз айында Алматыда сүт безі обырының 659 жаңа жағдайы анықталғаны хабарланған болатын. Бұл диагноз бойынша диспансерлік есепте 9,5 мыңнан астам пациент тұр.

Осыған дейін Алматыда әйелдер сүт безін қалай тегін тексерте алатыны туралы жаздық.