2100 жылға қарай бір миллиардқа жуық адам ауыз су тапшылығына тап болуы мүмкін
БАКУ. KAZINFORM — 2100 жылға қарай жер бетінде бір миллиардқа жуық адам ауыз судың өткір тапшылығы жағдайында өмір сүретін болады, деп жазды AZƏRTAC.
Бұған себеп — әлемдегі ең ірі өзендердің тартылып, сарқыла бастауы. Бұл өзендерге жүздеген миллион адамның тіршілігі тәуелді. Солтүстік-Шығыс университетінің (АҚШ) ғалымдары осындай тұжырымға келіп отыр. Олар су ресурстарының болашағын болжау үшін жаңа буындағы климаттық модельдерді пайдаланған.
AZƏRTAC шетелдік БАҚ-тарға сілтеме жасап хабарлағандай, XXI ғасырдың соңына дейін шамамен 850 миллион адам өзен ағысының азаюы салдарынан тұщы су тапшылығына ұшырауы мүмкін. Бұл — халықаралық ғалымдар тобының алаңдатарлық болжамы. Зерттеу нәтижелері Climate and Atmospheric Science журналында жарияланды.
Ғалымдар CMIP6 деп аталатын, құрлықтағы, атмосферадағы және мұхиттағы күрделі физикалық процестерді ескеретін, алдыңғы модельдерден әлдеқайда жоғары дәлдікке (кеңістіктік рұқсаттылығы 100 км) ие климаттық модельдерді қолданған. Олар әлемдегі ең ірі 30 өзен алабына — соның ішінде Амазонка, Ганг, Ніл, Конго және Брахмапутра өзендеріне қатысты болжам жасаған.
Зерттеу нәтижесі бойынша, бұл өзен алаптарының 40%-ында өзен ағысы көлемі жартысына дейін қысқаруы мүмкін. Бұл тұщы суға қолжетімділікті едәуір шектейді. Мұндай тапшылық шамамен 850 миллион адамды қамтиды — бұл бұрынғы бағалаулардан үш есе көп.
Ғалымдар өзен ағысының ауыз су, су электр станциялары мен ауыл шаруашылығын суару үшін шешуші рөл атқаратынын айтады. Ағын көлемінің сәл ғана азаюының өзі әлеуметтік және экономикалық салдарға әкеп соғуы ықтимал.
Сондай-ақ, зерттеушілер климаттың өзгеруіне қатысты бес түрлі сценарийді — ең нашарынан ең экологиялық қолайлысына дейін — модельдеген. Егер адамзат парниктік газдардың шығарылымын айтарлықтай қысқартып, «жасыл» экономикаға көшсе, су тапшылығына тап болатын халық саны 500 миллионға дейін азаюы мүмкін. Алайда, бұл жағдайда да мәселе өзекті болып қала бермек.
Зерттеу авторлары олардың жұмысы саясаткерлер мен су ресурстарын басқару мамандарына климаттың өзгеру салдарын алдын ала болжауға және дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі деп үміттенеді. Сонымен қатар, олар болашақтағы су дағдарысының салдарын жұмсарту үшін парниктік газдар шығарындыларын азайтуға бағытталған әрекеттерді жеделдетуге шақырады.
Ал Қазақстанда суды ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыру мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі тұрмыстық жағдайда суды үнемдеуге арналған әдістемелік ұсыныстар әзірлеген болатын.