Кір тасын көтеруші қазақстандық Азияны мойындатты

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат-Ақмолалық Денис Долгашов кір тасын көтеруден Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мəліметі бойынша Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында  кір тасын көтеруден бірінші Азия чемпионаты өтті.

Байрақты жарысқа Оңтүстік Азия, Жапония, Моңғолия, Қазақстан, Ресей жəне Өзбекстан елдерінен жиналған білекті спортшылар қатысты. Жүздеген спортшы бірнеше күн бойы түрлі салмақ бойынша өзара күш сынасты. Оның ішінде Қазақстан Республикасы атынан сынға түскен ақмолалық Денис Долгашов 63 келі салмақтағылар арасында қарсыластарынан басым түсіп, Азия чемпионы атанды.

Денис Жарқайың аудандық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде тәлімгері Қалыбек Салтанаттың жетекшілігімен жаттығады.