Қырғыз әуе компаниясы Алматыға алғашқы рейсін орындады

Фото: Алматы халықаралық әуежайы

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бүгін Қырғыз Республикасының Asman Airlines әуе компаниясы Қазақстанның авиациялық нарығына қосылды.

Asman Airlines ұшағы Алматы халықаралық әуежайына алғашқы рейсін орындады. Әуе компаниясы Тамшы (Ыстықкөл) – Алматы – Тамшы (Ыстықкөл) бағыты бойынша аптасына екі рет дүйсенбі және жұма күндері тұрақты тікелей жолаушы рейстерін орындайды.

Алматы әуежайының мәліметінше, компания Алматы – Ош бағытын ашып, сондай-ақ қыста мегаполистен Қаракөлге рейстерді орындауды жоспарлап отыр.

Еске салайық, бұған дейін China Southern Airlines әуе компаниясы Гуанчжоу – Алматы – Гуанчжоу бағытындағы жаңа халықаралық әуе бағытын іске қосқанын жазғанбыз.

Биыл Қазақстан жалпы 32 халықаралық әуе рейсін іске қосады. Оның 15-сі мүлде жаңа бағыттар болады. Ал жаңа лоукостерлердің тізімінде Spice Jet (Үндістан), Thai AirAsia X (Таиланд), Easter Jet (Оңтүстік Корея), T’Way Air (Оңтүстік Корея), Air Arabia Abu Dhabi (БАӘ) бар.