Қырғыз елінде не болып жатыр – оқиғаға шолу
АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстанда шетелдік студенттер мен жергілікті тұрғындар арасындағы жанжал салдарынан қоғамдық көңіл-күй алаңдаушылық туындатып отыр. Осыған орай Kazinform көршілес елде бұл күндері нендей жағдай болып жатқанын зерделеп көрді.
13 мамыр
Дәл осы күні Бішкектегі хостелдердің бірінде орналасқан пәкістандық қонақтар мен жергілікті тұрғындар арасында төбелес болған.
Свердлов аудандық ішкі істер басқармасының мәліметінше, үш шетелдікке қатысты Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 280-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдіктілер Бішкек полициясының изоляторында қамауда отыр.
17 мамыр
Кешке қарай хостелдің жанына әлгі шетелдіктерден «кек алып, сазайын беруге» кей мәлімет бойынша 300-ге жуық жас жиналған. Осыдан кейін күдікті үш шетелдік видео арқылы қырғыз халқынан кешірім сұрады. Дегенмен, төтенше жағдайдың алдын алу үшін су атқышы бар ішкі әскерлер 7 сәуір-Шу көшелерінің қиылысында тосқауыл болып тұрды. Олар 7 сәуір көшесін солтүстік бағытта қоршауға алған. Қоршауды бұзуға ұмтылғандардың ұсталғаны туралы да мәлімет бар.
18 мамыр
Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті Бішкектегі түнгі оқиғаға байланысты мәлімдеме жасап, ондағы этникалық алауыздық пен тәртіпсіздік тудыру әрекеттерін қатаң айыптады.
Мәлімдемеде Министрлер кабинеті әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын ақпараттың таралуына байланысты пікір білдіріп, сондай-ақ халықаралық баспасөздің шетелдік студенттерге қатысты кісі өлтіру мен зорлық-зомбылық туралы жалған хабарламаларын жоққа шығарады.
Құқық қорғау органдары Бішкекте болған құқық бұзушылықтардың барлық мән-жайын жан-жақты тексеріп жатқанын атап өтті. Кінәлілер анықталып, заңға сәйкес жауапқа тартылады. Сонымен қатар кейінгі бірнеше айда билік заңсыз көші-қонды ауыздықтау және қалаусыз адамдарды елден шығару үшін шешуші шаралар қабылдап жатқанын хабарлады.
«Шетелдік студенттерге төзбеушілікті тудыруға бағытталған кез келген әрекетке жол берілмейді және бұл біздің халқымыздың қонақжайлық рухына сәйкес келмейді. Қырғыз Республикасының билігі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдады. Құқық қорғау күштері қоғамдық тәртіпті бұзу әрекеттерінің жолын кесетін болады», - делінген үкімет хабарламасында.
Қырғызстан ҰҚМК төрағасы Қамшыбек Ташиев те жағдайға қатысты түсіндірме берді. Оның айтуынша, түн ішінде 18 бен 25 жас аралығындағы жастар жиналған. Оған Пәкістан, Бангладеш, Үндістан, Мысыр және басқа елдерден келген мигранттардың көбеюіне алаңдаушылық себеп болған. Қамшыбек Тәшиев жиналғандардың талаптарын қолдап, республиканың заңдарын бұзған шетелдіктер бойынша ҰҚМК жүргізіп жатқан жұмыс жайлы айтқан.
«Бізде мигранттар арасындағы құқық бұзушылықтар туралы статистика бар. Мұны негізінен Пәкістан мен Бангладеш азаматтары жасайды. Айталық, 1 500-ден астам пәкістандық және мыңнан астам Бангладеш азамат елден шығарылды. Біздің дерегіміз бойынша, 5 мыңға жуық шетелдік заңдарымызды бұзды, оның ішінде 1 360 пәкістандық, 1 300 бангладештік бар, қалғандары - басқа мемлекеттерден», - деді Қамшыбек Тәшиев.
Кейінірек белгілі болғандай, оқиға салдарынан 29 адам медициналық көмекке жүгінген, оның 15-і қалалық жедел жәрдем ауруханасы мен ұлттық ауруханаға жеткізілген, қалғандарына сол жерде көмек көрсетілген.
Дәл осы күні Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф Қырғыз Республикасының астанасында болған шетелдік азаматтарға қатысты оқиғаны баса назарда ұстап отырғанын айтты.
«Бішкек қаласындағы пәкістандық студенттерге қатысты жағдайға қатты алаңдап отырмыз. Мен Пәкістан Елшісіне барлық қажетті қолдау мен көмек көрсетуді тапсырдым. Елшілікпен байланыстамыз және жағдайды үнемі қадағалап отырамыз», - деп жазды Шахбаз Шариф Х желісінде.
Сәл кейінірек әлеуметтік желіде Қырғызстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан пәкістандық студенттердің Қазақстанға қоныс аударатындығы туралы мәлімет желдей тарады. Бұл хабарға еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі ден қойып, мұндай ақпараттың шындыққа жанаспайтындығын мәлімдеді.
«Қазақстан-Қырғызстанның мемлекеттік шекарасындағы өткізу бекеттері штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Қазақстан мен Қырғызстанның шекарашылары Бішкекте орын алып жатқан ахуалға қатысты үнемі ақпарат алмасып отыр», - деп хабарлады комитеттен.
Мұнан бөлек, PTV News Пәкістан Қырғызстаннан 180 студентті арнайы ұшақпен тасымалдағанын хабарладыды.
«KA571 арнайы рейсі Қырғызстаннан 180 пәкістандық студенттің алғашқы партиясын әкеліп, Лахор әуежайына аман-есен қонды», - делінген PTV News әлеуметтік желідегі аккаунтында.
PTV News арнасының хабарлауынша, студенттерді әуежайда федералдық ішкі істер министрі қарсы алған.
19 мамыр
Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев пен Пәкістанның Сыртқы істер министрлігінің басшысы Мохаммад Исхак Дар телефон арқылы сөйлесті.
Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, әңгімелесу барысында тараптар дәстүрлі достық сипаттағы және екіжақты деңгейде біртіндеп дамып келе жатқан екі елдің қарым-қатынасын әртүрлі салаларда, сондай-ақ халықаралық және аймақтық ұйымдар шеңберінде (БҰҰ, ШЫҰ, ИЫҰ және т.б.) нығайтуға дайын екендіктерін атап өтті.
Қырғыз Республикасының сыртқы саясат басқармасының басшысы 18 мамырда Бішкекте шетелдік студенттердің, соның ішінде Пәкістан азаматтарының қатысуымен болған оқиға туралы хабардар етіп, қоғамдық тәртіп толығымен қамтамасыз етілгенін және жағдай құзырлы органдардың бақылауында екенін баса айтты.
Сонымен бірге, қырғыз тарапы осы оқиғаға және Қырғыз Республикасындағы жағдайға қатысты жалған және негізсіз ақпараттың шетелдік БАҚ-та, әлеуметтік желілерде, соның ішінде Пәкістанда таралып жатқанына қатты алаңдаушылық білдірді. Жээнбек Кулубаев сенімді ақпаратты пайдаланудың, сондай-ақ Қырғыз-Пәкістан қарым-қатынасына нұқсан келтіруі мүмкін Пәкістанның ақпараттық кеңістігінде жалған ақпарат пен жарияланымдардың жолын кесу бойынша тиісті жұмыстарды жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Пәкістан Сыртқы істер министрлігінің басшысы жағдайды толық түсінетінін және Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің Қырғыз Республикасындағы қоғамдық тәртіп пен пәкістандық студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылдаған тиімді шаралары үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар олардың Қырғызстан Республикасындағы пәкістандық студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ тараптар 2024 жылы 21 мамырда Астана қаласында (Қазақстан) ШЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесі аясында екіжақты кездесу өткізетінін, жуырда Бішкекте Қырғыз Республикасы мен Пәкістан арасындағы консулдық-құқықтық мәселелер бойынша министрлікаралық консультацияларды бірлесе ұйымдастыратынын сөз етті.
Қырғызстан мен Пәкістан Сыртқы істер министрілігінің басшылары сөз соңында екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту жолында бірлесе жұмыс істейтін атап өтті.
Осы күні Қырғызстан мен Пәкістан сыртқы істер министрлері 21 мамырда Астанада кездесетіндігі белгілі болды. Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Авазбек Атаханов пен Пәкістан Ислам Республикасының Қырғыз Республикасындағы Елшісі Хасан Әли Зайгамның кездесуі өткен. Тараптар Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жээнбек Құлубаев пен Пәкістан премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мохаммад Исхак Дардың кездесуін 21 мамырда Астанада өтетін ШЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесі аясында ұйымдастыруға келіскен.
20 мамыр
ҚР Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Эдиль Байсалов 18 мамыр күні бұзақылардың шабуылына ұшыраған Қырғызстан халықаралық университетінің Медицина факультеті жатақханасына барды. Онда ол жағдайға байланысты алаңдаушылық танытып отырған студенттермен кездесіп, сауалдарына жауап берді.
Сонымен қатар ол студенттер тұрып жатқан бөлмелерді аралап көрді.