Қырғыз парламентінің депутаттары сағат белдеуін өзгертуді ұсынды

Жогорку Кенеш отырысында парламентарийлер Қырғызстанда сағат белдеуін өзгерту мәселесін көтерді, деп хабарлайды Kazinform.

Фото:gov.kg

Депутат Миргүл Темірбаева «Баткен таңы» газетінің бас редакторы Әділбек Акматов пен баткендік дәрігер Нұралы Қойлыбаевтың сағат тілін 1 сағатқа кейінге ауыстыру туралы бастамасына назар аудартты. Сонымен қатар ол әлеуметтік желіде көптеген азаматтың бұл ұсынысқа қолдау білдіріп жатқанын атап өтті.

Оның пайымынша, бұл бастама ең алдымен ел азаматтарының психологиялық денсаулығын сақтауға бағытталған.

Депутаттың пайымынша, осы шешім арқылы оқу орнына және балабақшаға бару үшін ерте тұратын балалар мен студенттердің денсаулығына теріс әсерден арылуға болады. Сондай-ақ ұсынылып отырған шара электр энергиясын үнемдеп, сол арқылы экономикаға да үлес қосады.

Осыған орай Миргүл Темірбаева Жогорку Кенеш төрағасынан министрлер кабинетіне Қырғызстанда сағат тілін 1 сағатқа кейінгі ауыстыру мәселесін қарау бойынша хаттамалық тапсырма беруді өтінді.

Депутат Сүйінбек Өмірзақов та бұл шешімді қолдап, мемлекеттік органдарға ғалымдармен бірге елдегі сағат белдеуін өзгерту мәселесін қарастыруды және шешім қабылдауды ұсынды.