Қырғызстан билігі кредиттік тарихты сақтау мерзімін қысқартпақ
АСТАНА. KAZINFORM — Жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер үшін несиелердің қолжетімділігін арттыру мақсатында ел билігі кредиттік ақпаратты сақтау мерзімін қысқартуды ұсынып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Жогорку Кенештің Қаржы, бюджет, кәсіпкерлік және бәсекелестікті дамыту жөніндегі комитеті кредиттік ақпарат алмасу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасына сәйкес, теріс (негативті) кредиттік тарихты сақтау мерзімі бес жылдан үш жылға дейін, оң (позитивті) кредиттік ақпаратты сақтау мерзімі жеті жылдан бес жылға дейін қысқартылады. Ал 10 мың сомға дейінгі микронесиелер бойынша ақпаратты сақтау мерзімі бір жылға дейін белгіленеді.
Құжатты қабылдау мыналарға мүмкіндік береді:
«кредиттік қара тізімде» тұрған шамамен 200 мың қолданыстағы қарыз алушы үшін анағұрлым қолайлы жағдай жасауға;
жеке тұлғалар мен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін несиелердің қолжетімділігін арттыруға;
шағын және орта бизнестің дамуын ынталандыруға;
көлеңкелі несиелендіру деңгейін төмендетуге және ресми қаржы жүйесінен тыс микронесиелер санының өсуін азайтуға.
Айта кетелік Қырғызстан блогерлерді салық төлеуге міндеттемек.