Жээнбек Кулубаевтың айтуынша, саммиттің басты саяси құжаты ШЫҰ-ның 25 жылдығына арналған Бішкек декларациясы болды. Құжатта ұйымға мүше мемлекеттердің халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша ортақ ұстанымдары көрініс тапқан.
Сондай-ақ декларацияда ШЫҰ қызметінің негізгі қағидаттары расталып, ұйымды одан әрі дамыту бағыттары айқындалды.
Қырғызстанның ұйымға төрағалығы кезеңіндегі маңызды нәтижелердің бірі – ШЫҰ-ның институционалдық реформасын ілгерілету болды.
-Мемлекеттер басшылары ШЫҰ Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойды. Бұл өзгерістер ұйымға мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылын неғұрлым тиімді, тұрақты әрі икемді модельге көшіру үшін құқықтық негіз қалыптастырады, – деді дипломат.
Саммитте ШЫҰ-ның қауіпсіздік архитектурасын нығайтуға қатысты да маңызды шешімдер қабылданды.
2025 жылы Тяньцзинь саммитінде жасалған келісімдерді іске асыру мақсатында Ташкенттегі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне төнетін сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталықтың және Душанбедегі ШЫҰ-ның Есірткіге қарсы күрес орталығының қызметін реттейтін ережелер бекітілді.
-Қырғыз Республикасы үшін Бішкекте Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл орталығын іс жүзінде іске қосу айрықша маңызды. Ол Әмбебап орталықтың құрылымдық бөлімшесі ретінде жұмыс істейді. Қырғыз тарапы оның толыққанды қызметін бастау үшін қажетті инфрақұрылымды дайындауды аяқтады, – деп түсіндірді министр.
Саммитте сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге де айрықша назар аударылды. Мемлекеттер басшылары өнеркәсіптік кооперацияны, көлік байланысын, заманауи логистикалық тізбектерді және цифрлық шешімдерді дамытуға мүдделі екенін растады.
-Мүдделі мемлекеттер ШЫҰ Даму банкін құру жөніндегі жүйелі жұмысты және осы бағыттағы белсенділікті құптады. Тиісті құрылтай құжатына кейіннен қол қою үшін қажетті консультацияларды қысқа мерзімде аяқтау туралы уағдаластық расталды. Мұндай қаржы институтын құру ШЫҰ кеңістігінде ірі инфрақұрылымдық, көлік және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндік береді, – деді Жээнбек Кулубаев.
Министрдің айтуынша, ынтымақтастықтың жаңа және перспективалы бағыттарына қатысты бірқатар құжат қабылданды.
Олар климаттың өзгеруімен күрес, жасанды интеллектіні дамыту, порттар мен логистикалық орталықтар құру, халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, синтетикалық есірткілер мен олардың прекурсорларының таралуына қарсы іс-қимыл, энергетикалық жүйелерді дамыту, төтенше жағдайлардан зардап шеккен мемлекеттерге көмек көрсету, сондай-ақ отбасы институтын қолдау және нығайту мәселелерін қамтиды.
Еске салайық, 1 қыркүйекте Қырғызстан астанасы Бішкекте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 26-отырысы өтті.
Саммит қорытындысы бойынша ұйымға төрағалық 2026–2027 жылдарға Қырғызстаннан Пәкістанға өтті. Ал Лахор қаласы ШЫҰ-ның туристік және мәдени астанасы болып жарияланды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ның негізгі қағидаттарын БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен бекітуді ұсынды.