Қырғызстан басшысының сөзінше, биік таулардың арасында орналасқан Ыстықкөл бүгінде климаттық өзгерістердің қысымын қатты сезініп отыр. Ол кейінгі 170 жылда су деңгейі шамамен 14 метрге төмендегенін, ал соңғы бес жылда оның төмендеу қарқыны жылына 7 см-ге жеткенін айтты. Ежелден көлге құятын 101 өзеннің қазір тек 30-ы ғана жыл бойы ағып жатыр.
Ыстықкөлдің негізгі су көзі — Тянь-Шань мұздықтары.
70 жылда тау мұздықтарының 30%-дан астамы еріп кетті, соның шамамен 20%-ы кейінгі 7-10 жылдың еншісінде. Қырғызстан Президенті климат өзгеруінің ауқымы мен жылдамдығы кез келген таулы мемлекеттің мүмкіндіктерінен асып түсетінін және бірлескен халықаралық іс-қимылды қажет ететінін айтты.
— Бұл экологиялық проблеманың салдары қалай болатынын және оның алдын алудың құнын түсіну үшін соңғы онжылдықтарда зардап шеккен Арал теңізі мен Чад көлінің тағдырын еске түсіру жеткілікті. Жақында ғана Арал теңізі мен Чад көлі, бүгінгі Ыстықкөл сияқты, суы мол көлдер еді. Ал бүгінде олардың көп бөлігі кеуіп кетті. Бұл мысалдар бізге айқын ескерту болуы қажет, — деді ол.
Садыр Жапаров ресми түрде БҰҰ-ны, халықаралық қаржы институттарын және донор елдерді Ұйым аясында Ыстықкөлді қорғауға арналған бірлескен сенімгерлік қорын құру бастамасын қолдауға үндеді. Қырғызстан бұл қорға мемлекеттік бюджеттен 10 миллион доллар бөлуге дайын.
Еске сала кетейік, Қырғызстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін жаңа мүшелермен кеңейтуді ұсынды.
2026 жылдың 3 маусымында Қырғызстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды.