Қырғызстан интим қызмет көрсететін орындардың бәрін жаппақ

Осы жылдың 1 желтоқсанынан бастап Қырғызстанда интим қызмет көрсететін барлық орынның жұмысына тыйым салынады. Бұл туралы Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы Қамшыбек Ташиев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: ҚР ҰҚМК басшысы Қамшыбек Ташиев/КАБАР

Айта кетерлігі, бүгін Ыстықкөл облысының Балықшы қаласында Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің қалалық әкімшілігінің жаңа ғимараты ашылған болатын.

Оның ашылу салтанатына комитет басшысы Қамшыбек Ташиев қатысып, ведомство қызметкерлеріне бірқатар міндет жүктеді.

Оның атап өтуінше, азаматтарға интим қызмет көрсететін түрлі көңіл көтеру орындарын, монша кешендерін ұйымдастырудағы заңға қайшы іс-әрекеттердің алдын алудағы меморгандардың қызметіне бақылау жасау — комитет қызметкерлерінің басым міндеттерінің бірі болмақ.

Осыған орай Қамшыбек Ташиев мемлекеттік және жергілікті органдарға, құқық қорғау органдарының басшыларына мұндай орындардың жұмысын республиканың бүкіл аумағында 2023 жылдың 1 желтоқсанына дейін тоқтатуды тапсырды.

ҰҚМК басшысының атап өтуінше, интимдік қызмет көрсететін орынның одан ары жұмыс істеп тұрғаны жайлы ақпарат түскен жағдайда жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және құқық қорғау органдарының басшылары қызметінен босатылады.