Қырғызстан Конституциялық соты өлім жазасын енгізу туралы президент бастамасын қарастырады

Фото: Кабар

АСТАНА. KAZINFORM —  Қырғызстан Республикасының президентінен Конституциялық сотқа «Қырғызстан Конституциясына өзгеріс енгізу туралы» заң жобасына қорытынды беру жөнінде ұсыныс түсті, деп хабарлайды Кабар агенттігі.

Заң жобасында Конституцияның 25-бабының 1-бөлігінде өзгеріс енгізу ұсынылады, ол бойынша балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы аса ауыр қылмыстарға және зорлық-зомбылық жасап, кісі өлтіргендерге өлім жазасын ерекше жаза шарасы ретінде қолдану мүмкіндігі қарастырылады.

Қосымша материалдарда көрсетілгендей, бұл бастама балалар мен әйелдерге қатысты аса ауыр қылмыстардың өсуімен байланысты және олардың конституциялық-құқықтық қорғалуын күшейтуге бағытталған.

Ұсынылып отырған өзгерістер қабылданған жағдайда, Қырғызстан Республикасының халықаралық міндеттемелеріне қатысты мәселелер кейінгі құқықтық және қажетті рәсімдер аясында шешіледі.

Қырғызстан Республикасының президенті Конституцияның 116-бабының 4-бөлігін басшылыққа ала отырып, аталған заң жобасына ресми қорытынды сұраған.

Еске салсақ, 30 қыркүйекте Қырғызстанның Ыстықкөл облысында 17 жастағы қыздың ұрланғаны, зорланғаны және өлтірілгені туралы ақпарат тарады. Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов кәмелетке толмаған Айсұлудың ерекше айуандықпен өлтірілуіне қатысты іс президент Садыр Жапаровтың жеке бақылауында екенін хабарлады. 

Бұдан бұрын Қырғыз Республикасының Президент әкімшілігі әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық жасап, өлтіргендерге қатысты өлім жазасын енгізуді көздейтін Конституцияға түзетулер енгізу туралы бастама көтерген еді.

Сондай-ақ Қырғызстан президенті Садыр Жапаров әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық жасап, адам өлтіргендерге қатысты өлім жазасын қайта енгізу бастамасына түсініктеме беріп, бұл мәселе тек бүкілхалықтық дауыс беру арқылы шешілетінін мәлімдеді.