Қырғызстан қос фамилияға рұқсат беруді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан ата-аналарға балаларына әкесі мен анасының тегін біріктіру арқылы жасалған қос фамилия беруге рұқсат беруді ұсынды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі тілшісі.

Фото: Кабар

Тиісті заң жобасын парламент депутаттарының тобы қоғамдық талқылауға ұсынды.

Ұсынылған түзетулерге сәйкес, ата-аналардың келісімімен балаға туған кезде ата-аналарының тегін кез келген ретпен сызықшамен біріктіру арқылы жасалған қос фамилия берілуі мүмкін. Алайда, үш фамилияны біріктіруге рұқсат етілмейді. Бұл шектеу кейінгі ұрпақ тегінің тым күрделеніп кетпеуіне жол бермеуге бағытталған.

Бұған дейін Қырғызстан бір жынысты некеге тыйым салуды қарастырып жатқанын хабарлаған едік.