Қырғызстан мемлекеттік қызметкерлер арасында «тазалау» жүргізбек

Қырғыз Республикасы Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Қамшыбек Ташиев мемлекетке пайда әкелмейтін шенеуніктердің қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді. Kazinform агенттігі бұл туралы Кабар ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: kabar.kg

«Біз мемлекеттік қызметкерлер арасында тазартуды бастауымыз керек», - деді Қырғызстанның МҰҚК басшысы Қамшыбек Ташиев.

Оның айтуынша, аудандық, облыстық ведомстволар мен министрліктерде мемлекетке пайда әкелмейтін, соларға зиянын тигізетін қызметкерлер бар.

«Біз олардан өзімізді тазартуымыз керек. Оларды қызметтен босатып қана қоймай, қылмыстық жауапкершілікке тарту керек», - деді ол.

Қамшыбек Ташиев алдағы уақытта шенеуніктердің заң бұзып, мемлекетке зиянын тигізбеуі керектігін атап өтті.

Осыған дейін Бішкекте арнайы операция кезінде Қамшы Көлбаевтың қаза тапқанын жазған едік.

Қырғызстанда мемлекеттік кеден қызметінің 50-ге жуық қызметкері марқұм болған қылмыс әлемінің серкесі Қамшы Көлбаевпен тығыз байланыста болғаны үшін жұмыстан шығарылды.