«Барлық өзекті мәселе министрлер, премьер-министрлер және мемлекет басшылары деңгейінде келіссөздер мен кездесулер арқылы шешіледі», — деді ол.
Сондай-ақ Жээнбек Кұлубаев ғасырлар бойы сыннан өткен қырғыз-қазақ достығы ортақ мақсатқа жетуге, халықтардың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізетінін атап өтті.
«Ежелден екі елді туыстық қатынастар байланыстырып келеді. Сондықтан біз ата-бабамыздан келе жатқан құндылықтарды сақтап, арттыруымыз керек. Тәуелсіздік жылдарында екіжақты қарым-қатынастың берік негізін қаладық және екіжақты іргелі құжаттарға қол қойдық. Бүгінде ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жетіп отыр», — деді ол.
Ол мемлекет басшыларының 2022 жылғы ресми келіссөздерінің қорытындысы бойынша қырғыз-қазақ дипломатиялық қарым-қатынастарының даму нәтижелеріне жоғары баға берілгенін еске салды. Сонымен қатар тараптар достық әріптестікті одан әрі дамытып, саяси, сауда-экономикалық, су-энергетикалық және гуманитарлық салалар бойынша оң нәтижелерге қол жеткізуге уағдаласты.
Кездесу соңында Жээнбек Кұлубаев бұл кездесу екі ел мен халықтардың мүдделерін толық көрсететін ынтымақтастықтың алдағы қадамдары мен бағытын анықтауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша, екі елдің сыртқы істер министрлері 2024-2026 жылдарға арналған әріптестік бағдарламасына қол қойды.
Естеріңізге салсақ, ҚР СІМ басшысы Мұрат Нұртілеу Қырғызстанға Жээнбек Құлубаевтың шақыруымен ресми сапармен барған болатын.
Оралхан ҚОЖАНОВ