Қырғызстан мен Оңтүстік Корея бірлескен даму қорын құруы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Жогорку Кенеш төрағасы Марлен Маматалиев Оңтүстік Корея Ұлттық ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Корея — Қырғызстан» парламенттік достық тобының жетекшісі Пак Док Хыммен кездесті, деп хабарлайды Кабар .

Фото: Кабар

Тараптар қырғыз-корей ынтымақтастығын дамыту және парламентаралық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.

Бұдан бөлек, кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері де қаралып, тараптар бұл саладағы әлеуетті барынша тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті.

Сондай-ақ Маматалиев «Орталық Азия — Корея Республикасы» форматындағы саммиттердің өңірлік және екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруде маңызды алаңға айналғанын айтты.

Ол екі ел арасындағы келісімдерді іске асыруда парламенттердің рөлі зор екенін, соңғы жылдары заң шығарушы органдар арасындағы байланыс айтарлықтай жанданғанын атап өтті.

— Достық топтарының жұмысы ерекше нәтижелі болып, көптеген бірлескен жобалар жүзеге асырылды. Мұндай қызмет парламентаралық байланыстарды нығайтып қана қоймай, мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың дамуына да елеулі үлес қосады, — деді Маматалиев.

Ол экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін Қырғыз-Корей даму қорын құруды және білім беру саласында арнайы квоталар бөлуді ұсынды.

Өз кезегінде Пак Док Хым бұл сапар парламентаралық байланыстарды нығайтып, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға серпін беретініне сенім білдірді. Ол Оңтүстік Кореяның Қырғызстанмен барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін ерекше атап өтті.

— Бізде мүмкіндік көп. Оларды толық пайдалана отырып, қырғыз-корей қатынастарын жаңа деңгейге көтере аламыз. Бұл — біздің басты мақсатымыз, — деді вице-спикер.

Корей делегациясының мүшелері де білім беру, инновациялық технологиялар және энергетика салаларындағы бірлескен жұмыстың маңызын атап өтіп, өз ұсыныстарын айтты.

Бұған дейін Қырғызстанда әскерге электронды шақырту мен цифрлық куәлік енгізілетінін жазған едік.