Қырғызстан мен Өзбекстан аумақ алмасудың келесі қадамын келісті

АСТАНА.KAZINFORM - Баткен облысының Қадамжай қаласында жер алмасуға қатысты ұйымдастырушылық және техникалық мәселелерді шешу бойынша Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы бірлескен жұмыс комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі тілшісі.

Фото: Turkic World

Қырғызстан Республикасының Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон министрлігінің мәліметінше, тараптар аумақтық алмасу процесінде қол жеткізілген келісімдердің іс жүзінде жүзеге асырылуын талқылап, бірлескен жұмыстың келесі тәртібі туралы келісті.

Қырғызстан бойынша бірлескен комиссияның тең төрағасы болып Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон министрінің бірінші орынбасары К.Досматов, ал Өзбекстан бойынша Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Б.Кудратходжаев тағайындалды.

Кездесуден кейін екі елдің тиісті министрліктері, агенттіктері және жергілікті билік органдары өкілдерінен тұратын бірлескен жұмыс тобының құрамы бекітілді.

Топ алмасу аумағы тұрғындарын қоныстандыру, азаматтық алу, мемлекеттік мүлікті беру мен қабылдау, азаматтардың меншік құқықтарын ресімдеу, жерді пайдалану және әлеуметтік қамсыздандыру, сондай-ақ білім беру процесінің үздіксіздігіне қатысты практикалық мәселелерді қарастырады.

Бұған дейін біз Өзбекстан екі ауылын Қырғызстанға беру процесін бастап кеткенін хабарлаған едік.