Қырғызстан парламенті комитеті ҰҚМК-ның жаңа төрағасы кандидатурасын мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM — 16 ақпанда Жогорку Кенештің халықаралық істер, қорғаныс, қауіпсіздік және көші-қон комитеті Жумгалбек Шабданбековтің Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы лауазымына кандидатурасын қолдады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.
Кандидат туралы ақпаратты Президент пен Министрлер кабинетінің Жогорку Кенештегі өкілетті өкілі Бектур Зулпиев таныстырды.
Комитет Жумгалбек Шабданбековті Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті төрағасы қызметіне тағайындауға келісім беру мәселесін мақұлдап, оны Жогорку Кенештің қарауына жолдады.
Еске салайық, өткен аптада Камчыбек Ташиев Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары — ҰҚМК төрағасы қызметінен босатылған болатын. ҰҚМК басшысы ауысқаннан кейін комитет төрағасының үш орынбасары да қызметтерінен босатылды.
Кейінірек Қырғызстан президенті соңғы кадрлық шешімдер неден туындағанын түсіндірді.