Қырғызстан президенті: Енді төңкеріс болмайды, мемлекет күшейді

Фото: kabar.kg

АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстан президенті Садыр Жапаров халыққа жолдауында елдегі тұрақтылықты шайқалтпақ болған кез келген әрекет сәтсіз аяқталатынын айтты, деп хабарлайды Kabar.

Мемлекет басшысы мәлімдегендей, бұрынғы жемқорлық схемалары жойылған соң табыс көзінен айырылған кейбір топтар блогерлер мен арандатушылар арқылы қоғамға жалған ақпарат таратып, халық арасында наразылық тудыруға тырысуда.

«Олар кімдер? Олардың арасында ірі коррупциялық істер бойынша ұсталып, сот шешімімен мемлекетке қаржы мен мүлік қайтарғандар бар. Сондай-ақ көлеңкелі табыс жүйесін жоғалтқан, қызметінен кеткен соң ашу-ызамен кек алғысы келетіндер бар. Яғни жеке мүддесі үшін ренжіген адамдар», — деді Садыр Жапаров.

Президенттің айтуынша, кейбір блогерлер мемлекет біртіндеп шешіп келе жатқан мәселелерді қайта көтеріп, халықты адастыруда.

«Блогерлер арқылы „KG Group“, „Ихсан“ сияқты алаяқ компаниялар салған тұрғын үйлер туралы ескі тақырыптарды қоздырып, оларды сапасыз етіп көрсетуге тырысып жатыр. Біз бұл үйлерді заңдастырып, электр жүйесіне қосып, кезең-кезеңімен аяқтаймыз. Қалған мәселелерді шешу үшін уақыт керек. Сондықтан елде бейберекет болады деп үміттенбеңіздер, төңкеріс болмайды», — деді мемлекет басшысы.

Садыр Жапаров қазіргі Қырғызстан бұрынғы әлсіз мемлекет емес екенін ерекше атап өтті.

«Біріншіден, біз енді төңкеріс жасауға себеп бермейміз. Екіншіден, мемлекет әлсіз емес, қазір ол күшті мемлекетке айналды. Үшіншіден, халық кімге сену керектігін және кім билікте болуы тиіс екенін жақсы біледі. Бұдан былай төңкерістерді тек түсіңізде ғана көресіздер. Тонау, басбұзарлық, билік үшін ашкөздік пен байлыққа ұмтылу енді өткеннің ісі болып қалсын», — деді Президент.

Айта кетейік, Қырғызстанда Жогорку Кенеш депутаттарын мерзімінен бұрын сайлау 2025 жылғы 30 қарашада өтеді. Садыр Жапаров бұл сайлаудың әділ өтуін жеке бақылауына алатынын мәлімдеген. Кандидаттарды тіркеу кезеңі аяқталды.