Қырғызстан президенті: «Құмтөр» алтын кенішінің қайтарылуы – елдегі өзгерістердің басы

Садыр Жапаров «Құмтөр» алтын кен орнының игерілгеніне 30 жыл толуына арналған салтанатты шарада сөйлеген сөзінде оның мемлекетке қайтарылуын жаңарудың бірінші кезеңі деп атады, деп хабарлайды осы елдегі Kazinform агенттігінің тілшісі.

Фото: Кабар

Мемлекет басшысының айтуынша, жобаның жұмысы ел тәуелсіздігінің тарихында бір кездері алаяқтық және айлакерлікпен атқарылған. «Құмтөр» кен орнын игеру шетелдіктер мен аздаған жергілікті шенеуніктердің байытып, «ғасырдың алаяқтығы» мен сыбайлас жемқорлықтың символына айналды.

«Кен орнында алғаш рет осыдан тура 21 жыл бұрын, 2002 жылы болғаным есімде. Сол кезде Қырғызстандағы ең ірі кеніштің жағдайын байқап, жүрегім ауырған. Дәл осы күннен бастап менің «Құмтөр» мен Қырғызстанның ұлттық мүддесі үшін үлкен күресім басталды. Басты мақсатым да, міндетім де соның байлығын халыққа қайтару болатын. Мен аласапыран саясатқа кіріп, қанша қиын болса да, қанша қиын заман өтсе де, өмірімнің көп жылын берілмей осыған арнадым», - деді С.Жапаров.

Президент, сондай-ақ, «Құмтөр» мәселесін 2005 жылдан бастап, Жогорку Кенештің депутаты ретінде көтере бастағанын, кейінірек, 2010 жылдан кейін кен орны бойынша депутаттық комиссияның төрағасы ретінде әріптестерімен бірге кен орны мемлекет меншігіне өтуі үшін кұш салғанын баяндап берді. Оның айтуынша, сол кезде ел тағдыры мен отандық экономиканы жаңа бағытқа бұруға үлкен мүмкіндік туды.

«Алайда, өкінішке қарай, ол кездегі билік мемлекеттің емес, жеке адамдардың болашағын ойлап, «алтын мафияның» сөзіне құлақ түрді. Егер «Құмтөр» 2012 жылы мемлекет меншігіне өткенде, қазір елдің экономикалық жағдайы әлдеқайда жақсы болар еді. Бақытымызға орай, тым кеш болмай, ақыры Құмтөр мемлекет меншігіне өтіп, халыққа қайтарылды. Кейбір саясаткерлер үмітін үзіп, сенгісі келмеді. Армандай көрінген оқиға бүгінгі күннің шындығына айналды. Біз халықтың талап-тілегін орындап, тарихи әділеттілікті қалпына келтіре алдық», – деп атап өтті Қырғызстан басшысы.

С.Жапаров «Құмтөрді» елдің толық иелігіне қайтаруымен бірге Қырғызстанда саяси жемқорлық жойыла бастады деп есептейді.

«Кезінде бірнеше шенеунік өз мүдделерін лоббилеу үшін «Құмтөр» басшылығын қорғап, салдарынан жемқорлық жүйе құрылған. Сол жүйедегі билік тармақтары Қырғызстанды күйретуге жақын қалды, оған мемлекеттік құрылымдар да араласты. Енді мұның бәрі жойылды, ал Қырғызстан өзін қалпына келтіру және жемқорлықтан арылу жолында!
Халықтың қолдауының, ұжымның зор сенімі мен қажырлы еңбегінің арқасында ұлттық байлығымыз – «Құмтөр» мемлекет пен жалпы халықтың игілігі үшін жұмыс істеуде.

Бұған дейін «Қырғызстан бұл кен орнын өз бетімен игере алмайды және мұндай күрделі өндірісті көтере алмайды» деген сөздер айтылған еді. Бұл бос сөздерге лайықты жауап бере алдық.

Елімізде тау-кен саласында жоғары білікті, тәжірибелі кадрлар жетіліп үлгерді. Ал бүгінгі мерейтойда олардың адалдығы мен қайсарлығын ерекше атап өткім келеді. Қазіргі уақытта «Құмтөр» жұмысын бір минутқа да тоқтатпайды, өз жоспарларын нақты орындауда және кен орнын одан әрі дамыту бойынша стратегиялық мақсаттар дәйекті түрде жүзеге асырылуда», - деп түйіндеді ол.