Адамдарда Қырғызстан туының ортасында бейнеленген түндіктен (шаңырақ) күн сәулесін қараған кезде әртүрлі байланыс-сипат туындайды: кейбіреулері күннің өрнегін күнбағыс гүліне ұқсатса, енді біреулері киіз үйдің сыртқы бөлігін көреді. Парламентшілер елдің мемлекеттік туындағы күн сәулесін осы себеппен түзетуді ұсынды.
Елдің мемлекеттік туындағы сәулелер кескінін алдағы уақытта өзгерту идеясы қырғыз халқының қызу талқылауына түсті. Өз кезегінде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында бұл бастаманы қолдайтынын айтты. Сонымен бірге, мемлекет басшысына да депутаттар ұсынған нұсқа ұнамай, оны жетілдіруді талап етті.
«Кемшілік бар сияқты көрінді. Ұсынылған нұсқада күн сәулелері тікенектерге ұқсаған. Парламентарийлер сарапшылармен ақылдасып, түзету енгізді. Өзгертілген нұсқа шынымен күн сәулелеріне ұқсайды.
Құдай қаласа, бұл нұсқа өтіп кетсе, бұдан былай тәуелді болмаймыз. Енді күннің көзі бізге күлімдеп тұрғандай болады. Мен кез келген сенім мен ырымдардан алшақпын. Бірақ, соған қарамастан, бұдан былай туымыздағы түндік арқылы көрінген күн нұрындай жарық, дамыған, тәуелсіз ел боламыз деп үміттенуіміз керек», – деді С.Жапаров.
Мемлекеттік рәміздің дизайнын өзгерту идеясын Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы Қамшыбек Ташиев те қолдап, бұл туралы Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Екі күннен бері туды өзгерту керек пе деген мәселе талқылануда. Менің ойымша, оны өзгерту керек. Еліміз ту арқылы танылады. Тудағы бейне күнбағысқа ұқсамай, жарқыраған күнді көрсетуі керек. Туды өзгерту бастамасын қолдаймын. Күндей жарқыраған тудың алдында бәріміз бір жұдырықтай жұмылайық!», – деп жазды Қ.Ташиев.
Мемлекеттік рәміздің жаңа эскизін жасау үшін тудың қазіргі нұсқасын әзірлеуге атсалысқан авторлар жұмысқа тартылды. Олар математикалық есептеулер жүргізіп, сызбалар дайындады.