Қырғызстан сиқыршылар мен дипломы жоқ психологтарға айыппұл салмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда кәсіби білімі жоқ психолог, балгер және сиқыршы қызметіне айыппұл салу ұсынылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.

Фото: Freepik

Парламенттегі депутаттар тобы бастамашылық еткен тиісті заң жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылды.

2024 жылдан бастап елде сиқыр және біліксіз психологиялық қызметтерді жарнамалауға тыйым салынған. Дегенмен, заң жобасын әзірлеушілер жарнамаға енгізілген шектеулер тұтынушыларды тарту әдістеріне әсер еткенмен, коммерциялық қызметтің өзі мессенджерлер, жабық топтар, жеке ұсыныстар және жасырын жарнамалар арқылы жалғасып отырғанын атап өтті.

Бұл бастаманы жүзеге асыру үшін Қылмыстық кодекске төмендегі шаралар көзделген жаңа бап қосу жоспарланған:

* Тиісті салада жоғары кәсіби білімі бар дипломы жоқ жеке тұлғаларға оккульттік-тылсым қызметтерді (тегін, ақылы немесе қаржылық пайда табу мақсатында) және психологиялық кеңес бергені үшін 10 000 сом (51 700 теңге) айыппұл салынады.

* Осы құқық бұзу бір жыл ішінде қайталанса, интернет немесе әлеуметтік желілер арқылы клиенттерді жүйелі түрде шақырса, айыппұл көлемі екі есеге артып, 20 000 сомға (103 000 теңгеден астам) жетеді.

Қырғызстанда сиқыршылар мен көріпкелдердің қызметтерін жарнамалауға заңды түрде 2025 жылы тыйым салынған. 

Бұған дейін Тәжікстан ІІМ балгер, емші, сиқыршы, жалған молдаларды бір тізімге енгізіп жатқанын хабарлаған едік.