Қырғызстан спутниктік интернетті пайдалану бойынша пилоттық жобаны іске қосты

Фото: freepik.com

БІШКЕК. KAZINFORM — Қырғызстанда алғаш рет геостационарлық емес спутниктік жүйелер арқылы интернетке қол жеткізу технологиясын қолданатын болады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Ел президенті тиісті жарлыққа Қырғызстанның цифрлық дамуын жеделдету, цифрлық теңсіздікті жою және интернетке қосылудың дәстүрлі әдістері қиын немесе мүмкін емес елдің жетуі қиын және шалғай аймақтарының тұрғындары үшін инновациялық телекоммуникациялық технологияларды енгізу үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында қол қойды.

Жоба бір жыл ішінде жүзеге асырылатын болады, басталуы 2025 жылдың 6 қазанына жоспарланған. Пилоттық жобаға жарлықта көзделген шарттар мен міндеттерді орындайтын спутниктік интернет қызметтерін ұсынатын барлық халықаралық операторлар қатыса алады. Бұл салауатты бәсекелестік ортаны қалыптастырып, әртүрлі технологиялық шешімдерді сынақтан өткізуге, техникалық және құқықтық кедергілерді анықтауға және болашақта реттеу мен елдегі спутниктік жүйелерді ауқымды енгізуге негіз қалауға мүмкіндік береді.

Тестілеу аяқталғаннан кейін тиісті мемлекеттік органдар республикада спутниктік интернетті одан әрі дамыту бойынша қорытындылар мен ұсыныстарды бағалай отырып, егжей-тегжейлі есеп дайындайды.

Бұған дейін Қазақстанда Amazon спутниктік интернеті пайда болатынын хабарлаған едік.