Қырғызстан темекіге тосқауыл қою үшін салықты арттырмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Эркин Чечейбаев ел халқының қоғамдық денсаулығын жақсарту мақсатында темекіге салынатын акциздік салықты арттыруды ұсынды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, Қырғызстанда темекі тұтыну — өлім мен мүгедектіктің негізгі себептерінің бірі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бағалауынша, Қырғызстанда темекі тұтынудан туындайтын аурулар салдарынан жыл сайын 30 жастан асқан 6 мыңнан астам адам қайтыс болады (шамамен 5 мың ер адам және 1 мың әйел). Бұл өлім-жітім жағдайларының жартысынан астамын жүрек-қан тамырлары аурулары құрайды. Темекі шегуден туындайтын тек жүрек-қан тамырлары ауруларына байланысты экономикалық шығындар 17 миллиард сомнан асады.
Сондай-ақ Қырғызстанда 35–69 жас аралығындағы ер адамдардың 30%-ға жуығы темекі тұтыну салдарынан қайтыс болады, бұл жас тобында күтілетін өмір сүру ұзақтығы 21 жылға қысқарады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы зерттеулеріне сәйкес, салықтардың артуы темекі өнімдерінің бағасын қымбаттатып, ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында темекі тұтыну деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Дамушы елдерде темекі бағасының нақты 10%-ға өсуі балалар мен жасөспірімдер арасындағы шылым шегушілер санын 8%-ға азайтады.
2015 жылы Қырғызстанда жұқпалы емес аурулардан келген экономикалық шығындар 17,1 миллиард сомды (елдің жылдық ЖІӨ-нің 3,9%-ы) құрады. Осы аурулардан болатын мезгілсіз өлім ел экономикасына 10,4 миллиард сом шығын әкеледі. Темекі тұтынуды азайтуға бағытталған шаралардың құны небәрі 0,14 миллиард сомды құрайды. Ал жүрек-қан тамырлары аурулары мен қант диабетін азайтуға 175 миллиард сом жұмсалған.
Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрі Эркин Чечейбаев темекіге қолжетімділікті шектеуден қорықпауға, салықты арттыру арқылы нақты қадам жасауға шақырды.
— Қырғызстан бұл тұрғыда ТМД кеңістігінде көшбасшы елге айнала алады. Бұл елдің өсіп келе жатқан ұрпағын аман алып қалуға мүмкіндік береді. Құмар шылымқорлар темекі қанша тұрса да шеге береді, бірақ жоғары баға балалар мен жасөспірімдерді ойлануға мәжбүр етеді, — деді министр.
Бұған дейін Қырғызстанда сөгіс алған шенеуніктерге шетелге іссапарларға шығуға тыйым салынғаны анықталды.