Қырғызстан Ұлттық банкі мың тоннаға дейін алтын сақтай алады

Фото: Қырғыз президентінің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Бішкекте Ұлттық банктің жаңа ғимаратының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде енді елдің алтын қорын көлемі мың тоннаға дейінгі жаңа қоймада сақтауға мүмкіндік бар екенін мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұған дейін Қырғызстанда алтынды сақтау бойынша тиісті жағдайдың болмауы белгілі бір қиындықтар туғызған.

«Бұрын мемлекет өз қорының бір бөлігін шетелде сақтауға мәжбүр болды. Енді Ұлттық банк халықаралық стандарттарға сай ең ірі қойманы иеленіп отыр, ол мың тоннаға дейін алтын сақтауға қабілетті. Осылайша, Қырғызстан өз алтын қорын сенімді түрде сақтап қана қоймай, шетелдік серіктестерге де осындай қызмет көрсете алады», – деді Садыр Жапаров.

Президент сондай-ақ мемлекеттің басты міндеті халықаралық стандарттар мен ұлттық мүдделер арасындағы тепе-теңдікті сақтау екенін атап өтті.

«Мемлекеттің қуаты тек алтын қоры мен табиғи байлығымен емес, ең алдымен халықтың сенімімен, заң үстемдігімен және азаматтарға лайықты өмір қамтамасыз ете алуымен өлшенеді. Ұлттық банк осы құндылықтардың сақтаушысы болуы тиіс», – деп түйіндеді Қырғызстан басшысы.

Бұған дейін Қырғызстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 10 пайыз деңгейіне дейін көтергені хабарланған болатын.