Қырғызстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының медалін таныстырды

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігі VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне табысталатын алтын, күміс және қола медальдардың дизайнын таныстырды. Бұл туралы Бішкектегі Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды.

Фото: Қырғыз Республикасының дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігі

Агенттіктің мәліметінше, медаль дизайны қырғыз халқының дәстүрлі философиясына негізделген. Оның орталық бөлігінде Көшпенділер ойындарының ресми логотипі бар.

Медальдардың қос қыры да айрықша нақышпен безендірілген. Әр жүлдеге арнайы тұғыр қоса беріледі. Спортшылар оны жүлдеге қоса берілген интерьер естелік ретінде сақтай алады.

— VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері осындай айрықша марапатқа ие болып, әлемдік көшпенділер спортының тарихында атын қалдырады, — делінген агенттік хабарламасында.

Айта кетейік, 31 тамызда Бішкектегі жаңа стадионда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Ал Ойындардың негізгі жарыстары мен мәдени, ғылыми шаралары 2-6 қыркүйек күндері Ыстықкөл облысының Чолпон-Ата қаласы мен Қырчын шатқалында жалғасады.

Маусым айында Қырғызстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми бейнеролигін таныстырды. Бұған дейін 2026 жылғы Ойындардың бойтұмары ретінде қар барысы таңдалып, оған Батай деген есім берілгені хабарланған.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 3 мыңға жуық спортшы қатысады.

Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігінің мәліметінше, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көк бөрі мен көкпар жеке-жеке спорт түрі ретінде өтеді.

Бішкектегі «Манас» халықаралық әуежайы ШЫҰ саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өтуіне байланысты 31 тамыз бен 1 қыркүйекте арнайы жұмыс режиміне көшеді.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына билеттердің бағасы және қандай іс-шараларға тегін қатысуға болатыны туралы толық ақпаратты осы жерден оқи аласыз.

31 тамызда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылуына келетін көрермендерді «Бішкек Арена» стадионына тегін шаттл автобустары жеткізеді.

25 тамызда Қырғызстанда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналған күміс монета айналымға енгізілді.

Ақзат Жиеналина