Тиісті жарлыққа ел президенті қол қойды.
Құжатқа сәйкес, елде болу тәртібін бұзған шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар Қырғызстан аумағынан өз еркімен әкімшілік жауапкершілікке тартылмай шыға алады.
Жарлықтың күші мынадай тұлғаларға қолданылады:
визасының немесе тұруға ықтиярхатының (ықтиярхат) қолданылу мерзімі аяқталғандарға;
тұруға ықтиярхатының күші жойылғандарға;
тіркеуі немесе жұмыс істеуге рұқсаты жоқ не олардың мерзімі өтіп кеткендерге;
заңда белгіленген елде болу мерзімі аяқталғандарға;
Қырғызстанда болудың нақты мақсаты елге кіру кезінде көрсетілген мақсатқа сәйкес келмейтіндерге.
Олар бұл мүмкіндікті пайдалану үшін 2026 жылғы 1–31 шілде аралығында тұрған жері бойынша Қырғызстанның ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелеріне барып, шығу визасын рәсімдеуге қажетті хат алуы тиіс.
Одан кейін үшінші тұлғалар мен делдалдардың көмегінсіз, өз бетінше электрондық виза жүйесінің ресми сайты арқылы шығу визасын рәсімдеуге өтініш беруі қажет.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, мұндай азаматтарға шығу визасы визалық алымсыз рәсімделеді және көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл салынбайды.
Бұған дейін Қырғызстанда еңбек мигранттарына парламент сайлауына қатысуға рұқсат берілуі мүмкін екені хабарланған болатын.