Қырғызстан жанар-жағармайға субсидияларды ұзартты

БІШКЕК. KAZINFJRM — Қырғызстан жанар-жағармай материалдарын импорттаушылар үшін субсидияларды 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.

Фото: Кабар

Бұл шаралар экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, ел халқын жанар-жағармай материалдарымен үздіксіз қамтамасыз етуге және ұлттық экономика субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсетуге бағытталған.

Қаулыға сәйкес, шешім 2026 жылдың 1 тамызынан бастап күшіне енеді.

Субсидия мөлшері ел үкіметінің шешімімен анықталған бекітілген баға мен келісімшарттар мен импорт кезіндегі шот-фактураларда көлік шығындарын ескере отырып көрсетілген тасымалданатын жанар-жағармай материалдарының құны арасындағы айырмашылық ретінде анықталады. Субсидиялар алу үшін өтінімдерді есептік күннің 25-іне дейін беру қажет.

Төлемдерді есептеу үшін Түрксіб және Сарыағаш теміржол станцияларынан жеткізу негізінде келесі бекітілген бағалар бекітілді:
* АИ-92 бензині — тоннасына 960 доллар;
* Дизель отыны — тоннасына 1050 доллар;
* Сұйытылған көмірсутегі газы — тоннасына 650 доллар.

Осыған дейін Қырғызстан жанар-жағармай бағасын ұстап тұру үшін 1 млрд сом субсидия бөлгені хабарланды.

Айта кетейік, осы жылдың мамыр айында Қырғызстан ресми түрде жанар-жағармай импорттаушыларына уақытша субсидиялар мен отын бағасын мемлекеттік реттеуді енгізді.

Сондай-ақ Қырғызстанда жанар-жағармайға салынатын салықты уақытша төмендету ұсынылды