Қырғызстан Жогорку Кенеші сайлауына дауыс беру үшін Қазақстанда қанша учаске ашылады

Фото: Кабар

БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстанның Сайлау және референдумдарды өткізу жөніндегі орталық комиссиясы мерзімінен бұрын парламент сайлауында дауыс беру үшін шетелде 34 елде 100 сайлау учаскесін ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

ОСК мәліметінше, бүгінде шетелде 59 сайлау учаскесі бар, тағы 41 сайлау учаскесін ашу ұсынылып отыр.

Қазақстанда қырғызстандықтар Астана, Алматы (екі учаске), Атырау, Қарағанды, Шымкент және Тараз қалаларындағы жеті сайлау учаскесінде дауыс бере алады.

ОСК төрағасы Тынчтык Шайназаров алдағы парламент сайлауы президент және парламенттік сайлау туралы конституциялық заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес жаңа жүйе бойынша өтетінін еске салды. Ел 30 сайлау округіне бөлініп, олардың әрқайсысына парламентке үш депутаттан сайланады.

Сайлаушыларға барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында сайлау кезінде сайлаушыларға физикалық тұрғыдан кез келген сайлау учаскесінде бюрократиялық кедергілерсіз дауыс беруге мүмкіндік беретін қашықтан дауыс беру жүйесі қолданылады.

Еске сала кетсек, қыркүйекте Қырғызстанның Жогорку Кенешінің спикері Нұрланбек Тұрғынбек уулу парламент отырысында өзін-өзі тарату процедурасы басталғаны туралы ақпаратты растады. https://kaz.inform.kz/news/kirgizstanga-parlamenttn-ozn-oz-taratui-ne-ushn-kazhet-ef283e/

23 қыркүйекте профильді комитет Қырғызстан парламентін өз еркімен тарату туралы ұсынысты мақұлдады. 

Ал 25 қыркүйек күні Қырғызстан Жогорку Кенешінің отырысында парламентті мерзімінен бұрын тарату туралы шешім қабылданды. 

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеш депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойды. Мерзімінен бұрын парламент сайлауы жексенбі, 2025 жылдың 30 қарашасына белгіленді. 

Ел президенті халыққа Жолдауында парламент сайлауын жеке өзі бақылауға ниетті екенін білдірді. 

2025 жылғы 1 қазанға қарағандағы мәлімет бойынша, Қырғызстанда сайлаушылар саны 4 миллион 287 мың адам болды. 

Бұған дейін Қырғызстанда депутаттар сайлауы жаңа жүйе бойынша өтетінін жазған болатынбыз. 

Қырғызстандағы парламенттік сайлауға қай партиялар қатысуға ниетті екенін мына материалдан оқи аласыз.