Қырғызстанда 11 жастағы қыздардың 91%-ы АПВ-ға қарсы вакцина алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинация бойынша аймақта көшбасшылық танытып отыр, деп хабарлайды Кабар.

Фото: Freepik

«Кабар» ақпарат агенттігінде өткен баспасөз мәслихатында Қырғызстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Гүлбара Ишенапысова елде 11 жастағы қыздардың 91%-ы вакцина алғанын айтты.

Оның айтуынша, вакцина ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілген сәттен бері республика бойынша барлығы 258 985 қыз бала екпе алған.

Вице-министр бұл жоғары көрсеткішке халықаралық ұйымдармен, соның ішінде Вакциналар мен иммундау жөніндегі жаһандық альянспен (GAVI), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен (ДДСҰ) және ЮНИСЕФ-пен ұзақ мерзімді тиімді ынтымақтастықтың арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.

Айта кетейік, осыған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов тегін әрі ерікті түрде ер балаларға адам папиллома вирусына қарсы вакцина салуды ұсынды.