Қырғызстанда «Ақ ілбіс» экологиялық дәлізі құрылды

Фото: Фото: Гульмира Абдрахманова/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Биологиялық әртүрлілікті сақтау және сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер түрлерін қорғау мақсатында Қырғызстанның Ыстықкөл облысында «Ақ ілбіс» экологиялық дәлізі құрылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Дәліз жалпы аумағы 792 мың гектардан асатын бірнеше қорғалатын табиғи аумақты – «Хан-Тәңірі» мемлекеттік табиғи паркін, Сарычат-Ээрташ және Нарын қорықтарын біріктіреді.

Оны құрудың негізгі мақсаттары – жабайы жануарлар популяциясын, соның ішінде қар барысын сақтау; экожүйелерді қорғау; шаруашылық тұрғысынан құнды, сирек және жойылып кету қаупі төнген түрлерді қорғау.

Дәліз аумағында өсімдіктер мен жануарларды жерсіндіруге, у-химикаттарды қолдануға, радиоактивті қалдықтарды көмуге, сондай-ақ экожүйеге кері әсер етуі мүмкін кез келген әрекетке тыйым салынады.

Сонымен қатар, жабайы жануарлар мен өсімдіктердің тіршілік ету жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шараларға рұқсат етіледі. Оларға ғылыми зерттеулер жүргізу, заңнамаға сәйкес орман ресурстарын пайдалану, орман мәдениетін отырғызу және кейбір жануарлар түрлерінің санын реттеу кіреді.

Бұған дейін қар барысы Қырғызстанның ұлттық символы ретінде танылғанын хабарлаған едік. 

Айта кетелік Қырғызстанда мешіт пен шіркеу құрылысын реттейтін тетік енгізу ұсынылған еді