Қырғыз Республикасы Президентінің Іс басқармасы жобаның эскиздерін таныстырып, құрылысты қолға алатын еуропалық компания өкілдерімен кездесті.
Ведомствоның мәліметінше, көпірдің ұзындығы 732 метр болады.
Көпір құрылысын 2026 жылғы қарашада бастап, 2027 жылдың соңында аяқтау жоспарланған. Нысан осы мерзімде туристер үшін ашылады. Сондай-ақ оны Гиннестің рекордтар кітабына енгізу көзделіп отыр.
Жаңа нысан ірі туристік бағыттың бір бөлігіне айналады. Оның маңынан Тепши үстіртінен Теке-Тоо тауы мен жергілікті сарқырамаға дейін баратын экологиялық соқпақ салу жоспарланған. Бұдан бөлек, «Ала-Арча» паркінде аспалы жол іске қосылып, демалыс үйлері бой көтерген. Қазір бес жұлдызды қонақүйдің құрылысы аяқталуға жақын.
Бұған дейін Қырғызстанда алғаш рет аспалы жол ашылғаны хабарланған болатын.