Қырғызстанда алғаш рет аспалы жол ашылды

Фото: Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі

БІШКЕК. KAZINFORM – Бішкек маңындағы мемлекеттік «Ала-Арча» табиғи паркінде гондольдық аспалы жолдың ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты ашылу рәсімінде Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров соңғы жылдары мемлекет тарапынан «Ала-Арча» табиғи паркі инфрақұрылымының толық жаңартылғанын, туристер үшін заманауи және ыңғайлы жағдайлар жасалғанын атап өтті.

Фото: Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі

Жаңа аспалы жолдың ұзындығы 1 километрді құрайды және сағатына мың адамға дейін қызмет көрсете алады. Жоба әлемге танымал австриялық Doppelmayr компаниясы арқылы жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта аталған компания Иссык-Көл облысындағы «Ала-Тоо Резорт» ірі шаңғы курортында да канат жолдар тұрғызып жатыр.

Фото: Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі

— Біз табиғи паркті кешенді түрде дамыту жұмыстарын жалғастырамыз. Аспалы жолдың екінші кезеңі бақылау-өткізу пунктінен басталып, жалпы 12 километрді қамтиды. Ол ұлттық парктің ең көрікті және қолжетімсіз аймақтарына жетеді, — деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, «Ала-Арча» табиғи паркінде заманауи родельбан, коттедждер және бассейні бар бес жұлдызды қонақ үй салынатыны айтылды.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Шу облысының Кемин ауданында экологиялық таза Кемин-Сити қаласының құрылысын жүргізу жоспарланғаны хабарланған еді.