Қырғызстанда алкоголь, тәтті сусын мен жанар-жағармайға салынатын акциздер ұлғаймақ
БІШКЕК. KAZINFORM — Қырғызстанда қымбат алкоголь, тәтті сусындар мен мұнай өнімдеріне салынатын акциз салығын кезең-кезеңімен арттыру жоспарланып отыр, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Үкіметтің тиісті қаулы жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды.
Елдегі алкогольді, алкогольсіз өнімдер мен мұнай өнімдеріне салынатын қолданыстағы акциз салығының мөлшерлемелері 2023 жылдың 1 қаңтарынан бері өзгермеген, ал жанар-жағармай материалдарына 10 жылдан астам уақыт бойы көтерілмеген.
Құжатқа сәйкес, акциздік салық мөлшерлемелерін төрт жыл ішінде біртіндеп арттыру ұсынылады. Бұл шара халықты зиянды өнімдерді тұтынудан қорғау, олардың бағасын инфляция деңгейінен жоғары көтеру және мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдерін арттыру мақсатында қолға алынып отыр.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мынадай өзгерістер енгізіледі:
Бензинге — тоннасына 5000 сомнан (шамамен 31 мың теңге) 7000 сомға (шамамен 43 мың теңге) дейін;
Мазутқа — 400 сомнан (шамамен 2500 теңге) 2000 сомға (шамамен 12 мың теңге) дейін;
Қысқы дизель отынына — 400 сомнан 2000 сомға дейін;
Сондай-ақ:
Тәтті, минералды және газдалған суларға салынатын акциз 2027 жылға қарай 5 сом/литрге дейін өседі;
Энергетикалық алкогольсіз сусындар — 2029 жылға дейін 15 сомға дейін көтеріледі;
Ликер-арақ өнімдері, арақ, күшейтілген ішімдіктер, этил спирті — 240 сомға дейін;
Коньяк — 180 сом;
Шарап — 40 сом;
Сыра — 30 сом;
Газдалған шарап пен шампан — 70 сом;
Слабоалкогольді сусындар — 2026 жылдан бастап 100 сом/литр.
Еске сала кетейік, Қырғыз Республикасында 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жол жөндеуге арналған жанар-жағармайға 1 сом/литр мөлшерінде алым енгізіледі.
2025 жылдың маусымында Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігі қоғам денсаулығын жақсарту мақсатында темекіге салынатын акциз салығын арттыруды ұсынған болатын.
Сондай-ақ, Қырғызстанда салықтық әкімшілендіру жеңілдетілгені, көлік салығы жойылғаны және салықтық амнистия жарияланғаны хабарланды.
Бұған дейін хабарланғандай, Қырғызстан халықаралық интернет-трафикке монополия енгізді.