Қырғызстанда балалардың әлеуметтік желілерге кіруіне шектеу қойылады

АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстанның Оқу-ағарту министрі Догдуркүл Кендирбаева кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерге кіруіне шектеу қойылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі жергілікті БАҚ- қа сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Freepik.com

Министрдің айтуынша, балалар ересектердің бақылауынсыз интернетте көп отырады. Осыған байланысты олардың қандай ақпаратты көріп, қандай контентті тұтынып жүргенін бақылау мүмкін емес. Әсіресе бастауыш сынып оқушыларына қатысты алаңдаушылық бар. Олар күніне небәрі үш сағат сабақта болады, ал қалған уақытын үйде өткізеді.

— Қазір бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Мектептерде сабақ кезінде телефон пайдалануға тыйым салынған. Оларды тек мұғалімнің бақылауымен оқу мақсатында пайдалануға рұқсат етіледі, — деді министр.

Министрліктің мәлімдеуінше, Қырғызстан да әлемнің бірқатар елі қолға алған шараларға қосылуы керек. Қазірдің өзінде балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануын шектеу бойынша халықаралық тәжірибе қалыптасқан.

Еске сала кетейік, Қырғызстанда 2024 жылдың сәуірінен бастап барлық пайдаланушы үшін танымал TikTok әлеуметтік желісіне шектеу салынған. Елде бұл платформаны қайта ашу туралы бірнеше рет ұсыныс айтылды. Қырғызстанда TikTok-ты қайта ашу мәселесі қайта көтерілді.

 

 

Ақзат Бақытжанқызы