Қырғызстанда базалық мөлшерлеме 11 пайызға дейін төмендетілді
БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғыз Республикасының Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 11%-ға дейін төмендетті. Шешім 2024 жылдың 30 сәуірінен бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Қырғыз Республикасының Ұлттық банкі.
Реттеушінің мәліметінше, Қырғыз Республикасындағы инфляциялық процестер әлсіреуін жалғастыруда. Жылдық инфляция көрсеткіші 2024 жылғы сәуірде 5,2%-ды құрап, 2023 жылғы желтоқсандағы көрсеткіштен 7,3 пайызға төмендеген және ақша-несие саясатының орта мерзімді мақсатты 5-7%-ға жақын.
Инфляция құрылымында азық-түлік тауарлары тобы бойынша баға өсімінің айқын баяулауы байқалады (2023 жылғы желтоқсандағы 3,4%-дан 2024 жылғы сәуірдегі 1,1%-ға дейін), бұған әлемдік азық-түлік нарықтарындағы бағаның төмендеуі де әсер етті. Азық-түлік емес тауарлар мен қызметтер бағасы өсу қарқыны біршама тежелген динамикамен төмендеуде.
Елде экономикалық белсенділік жоғары. 2024 жылғы қаңтар-наурызда нақты ЖІӨ өсімі 8,8%-ды құрады. Бұрынғыдай экономиканың өсуіне негізгі үлес қызмет көрсету саласы, құрылыс және өңдеу өнеркәсібінен келеді. Ішкі тұтыну деңгейінің жоғарылауы сақталып отыр.
«Елдің банк секторы тұрақты және негізгі көрсеткіштер бойынша өсім көрсетіп отыр. Жалпы, коммерциялық банктердің өтімділігі жеткілікті, бұл еліміздің нақты секторын одан әрі несиелеуге негіз жасайды. Ақша нарығында Ұлттық Банк белгілеген пайыздық мөлшерлеме дәлізі шеңберінде қысқа мерзімді пайыздық мөлшерлемелерді қалыптастыру жалғасуда. Ішкі валюта нарығы тұрақты», - делінген Қырғыз Республикасының Ұлттық банкінің хабарламасында.