Оның айтуынша, бастапқыда 30-35 мың көрерменге арналған, құны шамамен 60-70 млн доллар болатын стадион салу жоспарланған еді. Кейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров жобаны толығымен өзгертуді тапсырған. Стадионның сыйымдылығы 51 252 орынға дейін ұлғайтылып, нысан FIFA-ның әлемдік стандарттарына сәйкес келетіндей қайта жобаланды. Нәтижесінде, дәстүрлі қырғыз киіз үйі пішінінде бой көтерген сегіз қабатты сәулет туындысының диаметрі 280 метрге, ал биіктігі 70 метрге жетті.
Стадионның мемлекеттік бюджетке салмақ салмай, өз шығынын өзі өтеуі үшін мұнда жалпы аумағы шамамен 36 мың шаршы метр болатын ауқымды инфрақұрылым жасақталған.
Оған мыналар кіреді:
• 23 мейрамхана және 11 дәмхана;
• Сауда орталығы, супермаркет, 48 дүкен және 18 сауда дүңгіршегі;
• 4 кинотеатр залы, спортзал, балалар ойын алаңы және террасалар.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде нысанның құны шамамен 60 млн доллар болды деген ақпарат тараған еді. Алайда билік бұл мәліметті жоққа шығарып, шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, 31 тамызда Қырғызстан астанасындағы жаңа «Бішкек Арена» стадионында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Сондай-ақ танымал колумбиялық әнші Шакираның Қырғызстандағы «Бішкек-Арена» стадионында концерт беруі жоспарланып отырғаны хабарланды.
Қазақстан Көшпенділер ойындарында 32 алтын медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте топ жарды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ұлттық құрамасын VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында табысты өнер көрсетуімен құттықтады.
Енді 2028 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Татарстанда өтетін болды.