Қырғызстанда будда ғибадатханасының кешені табылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстандағы Ақ-Бешім (Суяб) қалашығында будда ғибадатханасының кешені табылды, деп хабарлайды Кабар.

Фото: Кабар

Қырғызстанның Шу облысындағы ортағасырлық Ақ-Бешім (Суяб) қалашығы аумағында қырғыз-жапон археологиялық экспедициясы буддалық дәстүрге жатуы мүмкін, VII–VIII ғасырларға тиесілі ғибадатхана кешенінің қалдықтарын анықтады. Бұл туралы Қырғыз Республикасының Мәдениет министрлігі хабарлады.

Фото: Кабар

Зерттеу жұмыстары 2026 жылдың мамыр айының басынан бері Шахристан-2 учаскесінде жүргізіліп жатыр. Қазба барысында ғалымдар күйдірілген кірпіштен салынған баспалдақтар, пандус және платформа тапқан. Мұндай сәулеттік элементтер Тан дәуіріндегі ғибадатхана құрылыстарына тән екені атап өтілді. Табылған нысандар белгілі археолог Алексей Бернштамның 1940-жылдардың соңында осы аумақта буддалық ғибадатхана кешені болғаны туралы болжамын растады.

Фото: Кабар

2025–2026 жылдардағы қазба жұмыстары ежелгі Суяб қаласында буддалық мәдениеттің таралуы туралы жаңа ғылыми деректер ұсынды. Суяб VI–XI ғасырларда Батыс Түрік қағанатының астанасы болған және Ұлы Жібек жолының маңызды орталықтарының бірі саналған.

Экспедиция 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қырғызстан тарапынан оны Ұлттық ғылым академиясының профессоры Бақыт Аманбаева, ал жапон тарапынан Тэйкё университетінің профессоры Кадзуя Ямаути басқарады.

Фото: Кабар

Қазіргі уақытта бұл аумаққа тарихи-мәдени нысан мәртебесін қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Егер оң шешім қабылданса, болашақта ашық аспан астындағы музей құру жоспарланған.

Айта кетейік, 2014 жылы Ақ-Бешім (Суяб) қалашығы «Жібек жолы: Чанъань — Тянь-Шань дәлізінің маршруттар желісі» атты трансұлттық номинация аясында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген.

Айта кетелік БҚО-да Алтын Орда дәуіріне жататын археологиялық нысандар табылған еді.