Қырғызстанда ЕАЭО-ға мүше мемлекет азаматтарының елде болу ережесі өзгерді

Қырғызстанда биыл 10 қазаннан бастап шетел азаматтары үшін елде болу ережелері өзгерді. Олар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтарына да қатысты болмақ, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Фото: Мухтар Холдорбеков/Kazinform

ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, ЕАЭО мемлекеттерінің азаматтары Қырғыз Республикасы аумағында арнайы рұқсат құжатсыз 90 күннен артық жүре алмайды және сол мерзімнен кейін 80 күн өткізіп қана шекарадан қайта кіре алады.

90 күннен көп уақытқа келген шетел азаматтары келу мақсатына қарай (мекенжайы бойынша тіркеу, тұруға ыхтиярхат, уақытша тұруға рұқсат, «Қайрылман» немесе «Мекен-карт» дәрежесі) елде жүруге рұқсат беретін құжатты алу үшін өкілетті органға жүгінуі қажет.

Мекеме Ресей Федерациясы, Қазақстан, Тәжікстан, Армения, Беларусь, Грузия, Әзербайжан, Молдова азаматтарын алты айдан аспайтын мерзімге тіркеуге болатынын еске салады. Тіркеуді келу мақсатына қарай ұзарту құқығы бар.

Шетел азаматтарының кәмелет жасына толмаған балалары мен азаматтығы жоқ тұлғаларды тіркеу олардың ата-анасы, қамқоршысы және басқа да заңды өкілдерін тіркеу кезінде жүзеге асады.

Қырғыз Республикасы көші-қон тәртібін бұзбас үшін шетел азаматтарын ереже сақтауға шақырады.

Бұған дейін Қырғызстанда шетелдіктердің келуіне қатысты жаңа тәртіп күшіне енгені хабарланған болатын.