Қырғызстанда қанша азамат несие алуға тыйым салу қызметін пайдаланды

Фото: Polisia.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда өз-өзіне несие алуға тыйым салу туралы заң 2025 жылдың 1 қарашасында күшіне енді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қырғызстан Республикасы Ұлттық банкінің мәліметі бойынша, осы жылдың 1 қарашасы мен 19 желтоқсаны аралығында 98 000-нан астам қырғызстандық «Tүндүк» мобильді қосымшасы арқылы несие алуға өз-өзіне тыйым салу қызметін іске қосқан.

Қызмет азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғауға бағытталған.

Несие алуға өз-өзіне тыйым салу қызметі іске қосылғаннан кейін, ешбір несие мекемесі жалған немесе ұрланған төлқұжатпен де несие бере алмайды.

Қазақстанда бұл қызмет 2023 жылдан бері жұмыс істейді. Әрбір қазақстандық eGov.kz порталында несиелер мен микронесиелерге өз еркімен тыйым сала алады. Ресейде несие мен микронесиелерге өз-өзіне тыйым салу 2025 жылдың 1 наурызынан бастап күшіне енді.

Бұған дейін Қырғызстанда шетел азаматтарына резидент-карта берілетіні туралы хабарлаған едік.