Бішкекте Kaspi аккаунттарын заңсыз сатумен айналысқан схема әшкереленді

АСТАНА. KAZINFORM — Бішкекте азаматтарды Қазақстанның Kaspi банкінен шот ашуға арбап, кейін оны бөгде тұлғаларға табыстап отырған қылмыстық схеманың беті ашылды, деп хабарлайды 24.kg .

Фото: kp.ru

Бішкек қалалық ІІББ осы заңсыз әрекетке қатысы бар 13 адамды анықтап, тергеу бөліміне шақырды. Олардың ішінде заңсыз шот ашқан 8 дроппер, жұртты арбаған 2 ұйымдастырушы, осы аккаунттарға иелік етпек болған 2 тапсырыс беруші және бір такси жүргізушісі бар.

Ресми мәліметке сай, банк аккаунттарын ашып, үшінші тұлғаларға бергені үшін әр адамға 10 мың сомнан (шамамен 51 мың теңге) төленген. Ал схеманы ұйымдастырушылар бұл қызметі үшін тапсырыс берушілерден сыйақы алған.

Құқық қорғау органдарының пайымдауынша, бұл аккаунттар қылмыстық кірістерді заңдастыруға, заңсыз P2P-операцияларға және басқа де заңсыз схемаларға қолданылуы мүмкін.

Қазіргі уақытта мұндай заңсыз әрекетке қатысы бар барлық тұлға анықталып, оқиғаның мән-жайы зерттеліп жатыр.

Құқық қорғау органдары азаматтардан ақшалай сыйақы үшін банк карталарын, шоттарын және мобильді қосымшалардың құпия сөздерін бөгде адамдарға бермеуді талап етті.

Бұған дейін Ақтөбе облысының полициясы студенттердің 10 мың теңге үшін дропперлік схемаларға алданып, алаяқтық істерге қалай араласып жатқанын ескерткен болатын.