Қырғызстанда Қазақстаннан контрабандалық бензин тасымалдаған 37 көлік тоқтатылды
АСТАНА. KAZINFORM — Жақында Қырғызстанда арнайы рейд барысында Қазақстаннан Қырғызстанға заңсыз жанар-жағармай тасымалдаған 37 көлік тоқтатылып, олардың жүргізушілері ұсталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі тілшісі Қырғызстан ІІМ Жол-патрульдік полиция басқармасына сілтеме жасап.
Басқарманың мәліметінше, қосымша жанармай багымен жабдықталған жеңіл және жүк көліктері Қазақстаннан контрабандалық бензин тасымалдап, оны жол бойында сатып келген.
— Қазіргі уақытта көліктердің барлығы Токмок қаласындағы арнайы айып тұрағына қойылды, ал жүргізушілерге 5500 сом (шамамен 31 мың теңге) көлемінде айыппұл салынды, — делінген хабарламада.
Еске салсақ, өткен жылы да қазақстандық бензиннің Қырғызстанға заңсыз шығарылуы туралы хабарланған болатын. 2023 жылғы наурызда Чүй облысында 36 жүргізуші заңсыз жанармай тасымалдағаны үшін тоқтатылғаны мәлім болған.
Бұдан бұрын Қырғызстанда минералды тыңайтқыштарды экспорттауға уақытша шектеу енгізілгені айтылды.