Қырғызстанда киім өндірісінде техникалық қарасораны пайдалану ұсынылды

Фото: pixabay.com.

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстандық депутат Дастан Бекешев Жогорку Кенештің отырысында техникалық каннабисті (қарасораны) киім, сөмке және басқа да тауарлар өндіруде қолдану туралы ұсыныс айтты, деп хабарлайды Кабар.

Ол қырғызстандық тігін кәсіпорындары Ресейде жақсы танымал екенін атап өтті.

— Өндірісте жергілікті маталарды пайдаланған дұрыс болар еді. Ал олар матаны Түркия мен Қытайдан әкеледі. Басқа елдерде, мысалы, Америкада қарасорадан тігілген киім мен сөмкелерді сатып алуға болады, — деді депутат.

Өз кезегінде Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрінің орынбасары бұл бағытта Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізу және заңнамаға өзгерістер енгізу қажет екенін айтты.

— Сондай-ақ техникалық қарасораға сынақ жұмыстарын жүргізу керек. Одан кейін қорытындыны Ғылым академиясына жолдаймыз. Техникалық қарасорадан өндірілген маталарды әскер саласында да қолдануға болады, — деп атап өтті ол.

Осыған дейін Қырғызстан қара металл сынықтары мен қалдықтары экспортына тыйымды ұзартқанын жазған болатынбыз.