Қырғызстанда қоғамдық орындардағы әдепсіз қылықтар үшін жаза күшейтілмек

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда қоғамдық орындардағы әдепсіз әрекеттер үшін айыппұл мен бас бостандығынан айыру жазасын енгізу ұсынылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.

Фото: unsplash

Тиісті заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды.

Бастама ел заңнамасындағы олқылықтарды жоюға бағытталған. Себебі қазіргі таңда Қырғызстанда қоғамдық орындарда өзге адамның келісімінсіз жасалатын сексуалдық сипаттағы әрекеттер үшін нақты жаза тетігі қарастырылмаған. Оларға қажетсіз жанасу, әдепсіз физикалық байланыс, жыныс мүшелерін көрсету, аңду (сталкинг) немесе адамның ар-намысына нұқсан келтіріп, оны қорқытуға, кемсітуге не қорлауға бағытталған өзге де әрекеттер жатады.

Құжатқа сәйкес, мұндай құқық бұзушылықты алғаш рет жасаған жеке тұлғаларға 20 мың сом (107 мың теңгеден астам) көлемінде айыппұл салу немесе 3 тәуліктен 7 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

Ал бір жыл ішінде сексуалдық сипаттағы әрекеттерді қайта жасағандар 2 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сондай-ақ ұсынылып отырған нормалар 16 жасқа толмаған балаларға қатысты қылмыстарға қолданылмайтыны атап өтілді. Мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексіндегі қолданыстағы баптармен реттеледі.

Бұған дейін елде сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылғаны хабарланған болатын.

Сонымен қатар Қырғызстанда некеге тұрмас бұрын міндетті тексеруден өтуді енгізу ұсынылғанын жазған болатынбыз.