Қырғызстанда құжатсыз зергерлік бұйымдарды заңдастыруға рұқсат етілді
БІШКЕК. KAZINFORM — Қырғызстанда бағалы металдардан жасалған зергерлік бұйымдарды 2026 жылдың 1 наурызына дейін растайтын құжаттарсыз заңдастыруға болады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Қырғызстан Республикасы Мемлекеттік салық қызметінің мәліметінше, бұл шара зергерлік бұйымдар айналымын бірыңғайлау, бизнес жүргізудің ашық жағдайларын құру және адал кәсіпкерлерге әкімшілік ауыртпалықты азайтуға бағытталған.
Науқан кезінде заңдастырылатын бағалы металдан жасалған зергерлік бұйымдарды сынау және таңбалау үшін төмендетілген сынамалық алым қолданылады. Алтын, платина және палладий зергерлік және басқа да отандық өндіріс бұйымдары, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардан алынған пайдаланылған шетелдік бұйымдар үшін алым — әр бұйым үшін 10 сом. Күміс зергерлік бұйымдар үшін алым әр бұйым үшін 8 сомды құрайды.
Қырғыз Республикасының Құқықбұзушылықтар туралы кодексіне енгізілген түзетулерде зергерлік бұйымдарды арнайы есепке алусыз жұмыс істеген жеке тұлғаларға 5 мың сом, ал заңды тұлғаларға 13 мың сом айыппұл салынады.
Жауапкершіліктен құтылу үшін тиісті электрондық құжат 2026 жылдың 1 наурызына дейін электрондық шот-фактура ақпараттық жүйесінде рәсімделуі тиіс.
Еске сала кетсек, 2025 жылы Қырғызстан зергерлері ҚҚС-тан босатылды.
2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін Қырғызстанда бизнеске салықтық тексеріс жүргізуге мораторий енгізілді.