Қырғызстанда лицензиясыз таксистерге айыппұл салу басталады
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғыз Республикасында 2025 жылғы 22 тамыздан бастап барлық таксистерге лицензия алу міндеттелетін заң күшіне енеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Қырғызстан ІІМ Әкімшілік полиция басқармасының көлік қызметін лицензиялау және техникалық бақылау бөлімінің басшысы Нурдин Самбаевтың айтуынша, лицензияны ел бойынша кез келген Әкімшілік полиция бөлімшесінен алуға болады.
Жаңа заңның басты мақсаты – жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жылдық лицензия құны жеке тұлғаларға 500 сом, заңды тұлғаларға 1000 сом. Лицензиясыз жолаушыларды тасымалдағаны үшін айыппұл қарастырылған: жеке тұлғаларға – 7 500 сом, заңды тұлғаларға – 23 мың сом.
Сонымен қатар, заңға сәйкес, оң жақ рөлді көліктерді пайдаланушыларға жолаушыларды тасымалдау үшін лицензия берілмейді, мұндай қызметтер оларға тыйым салынған.
— 22 тамыздан бастап ел бойынша оң жақ рөлді көліктерге қатысты ауқымды рейдтер жүргізіледі. Оң жақ рөлді көлік жүргізушілеріне таксистер ретінде жұмыс істеуге рұқсат жоқ. Мұндай көліктер тек жеке пайдалану үшін ғана арналған, — деп түсіндірді Нурдин Самбаев.
Сонымен бірге ол лицензия алушы жүргізушілер кем дегенде үш жыл тәжірибеге ие болуы, медициналық тексеруден өткен болуы, техникалық жағынан жарамды көлік пайдалануы және ресми тіркелген компаниямен қызмет көрсету келісімшартын жасауы керек екенін атап өтті.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін Қырғызстан шетелдік нөмірлері бар көліктерді заңдастыруға шақырғаны туралы жазған едік.