Қырғызстанда медицина қызметкерлерінің жалақысы 100%-ға өседі
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда 1 сәуірден бастап медицина саласы қызметкерлерінің жалақысы 100%-ға артады, деп хабарлайды Кабар.
Бұл туралы Қырғыз Республикасы президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагозов мәлімдеді.
Оның айтуынша, мемлекет басшысы Садыр Жапаров бұған дейін дәрігерлерге қолдау көрсетіп, олардың еңбекақысын арттыру туралы тапсырма берген.
Қазіргі таңда бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізілуде: ауруханалардағы кадр тапшылығын азайту және медициналық мекемелерге түсетін жүктемені төмендету бойынша шаралар қабылданып жатыр.
Сонымен қатар дәрігерлердің қоғамдағы рөлін жоғары бағалай отырып, мемлекет басшысы оларға әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында жеңілдетілген ипотека арқылы баспана алуға басымдық беруді тапсырған.
Мысалы, қазір еңбек жолын енді бастаған жас дәрігерлер 13 581 сом алса, сәуірден бастап олардың жалақысы 35 248 сомға дейін өседі. Ал тәжірибесі мол дәрігерлердің еңбекақысы бұдан да жоғары болады. Еңбек өтілі үшін қосымша үстемақылар сақталады.
Бұдан бөлек, шалғай және таулы аймақтарда жұмыс істеуге дайын дәрігерлердің жалақысы орта есеппен тағы 30%-ға ұлғаяды.
«Дәрігер депозиті» бағдарламасы аясында мемлекет дәрігерлерге тоқсан сайын 66 мың сом төлеп отыр.
Сұранысқа ие мамандықтар бойынша (педиатр, неонатолог, анестезиолог, реаниматолог, жалпы хирург) жұмыс істейтін жас дәрігерлерге ай сайын қосымша 20 мың сом беріледі.
Сондай-ақ елдегі 28 мың медбикенің жалақысы 8 541 сомнан 29 053 сомға дейін, яғни шамамен үш есеге өседі (қосымша төлемдер мен үстемақыларды есептемегенде).
Қазіргі уақытта елдің медициналық мекемелерінде түрлі мамандықтағы дәрігерлерге сұраныс бар. Жалпы бос жұмыс орындарының саны — 1596.
Баспасөз хатшысы медициналық оқу орнын жаңа бітірген немесе бұрын медицина саласында жұмыс істеп, қайта оралғысы келетін азаматтарды жақын маңдағы ауруханаларға барып, бос орындар туралы ақпарат алуға шақырды.
Айта кетелік Қырғызстанда ауыл шаруашылығы санағы басталғаны туралы жазған едік.